Докторантура — білім беру бағдарламалары ғылыми, педагогикалық және (немесе) кәсіптік қызмет үшін кадрлар даярлауға бағытталған, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі берілетін және кемінде 180 академиялық кредитті міндетті түрде игеруді көздейтін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.
Докторлық диссертация — докторанттың өз бетінше жүргізген зерттеуі болып табылатын ғылыми жұмысы. Онда жаңа ғылыми жетістік ретінде бағалауға болатын теориялық қағидалар әзірленеді, не маңызды ғылыми мәселе шешіледі, не енгізілуі ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын ғылыми негізделген техникалық, экономикалық немесе технологиялық шешімдер баяндалады.
Философия докторы (PhD) — ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантура бағдарламасын игерген және Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде диссертация қорғаған (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған) тұлғаларға берілетін дәреже.
Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы (ДҒЗЖ) — жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған, PhD докторларын даярлаудың негізгі білім беру бағдарламасының міндетті бөлімі (құрамдас бөлігі). Докторантура білім беру бағдарламасының ғылыми құрауышы докторанттың ғылыми-зерттеу (ДҒЗЖ) немесе эксперименталды-зерттеу жұмысынан (ДЭЗЖ), ғылыми жарияланымдарынан, докторлық диссертацияны жазу мен қорғауынан құралады.
Нормативтік-құқықтық база:
Докторантурада кадрлар даярлау келесі Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады:
Денсаулық сақтау саласында — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 4 шілдедегі № ҚР ДСМ-63 бұйрығымен бекітілген;
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығымен бекітілген.
